ТҰҒЫРЫ БИІК ТӘУЕЛСІЗДІК: «ЖІБЕК ЖОЛЫ АЙШЫҚТАРЫ»

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Орал қаласының білім беру бөлімі «Тұғыры биік Тәуелсіздік» марафонын бастады. Марафонның ашылуына орай «Жібек жолы айшықтары» атты көркем еңбек пәні мұғалімдері ұсынған ұлттық үлгідегі сән көрсетілімі өтті.



Халықтық эстетикалық тәрбиені насихаттау мақсатында көркем еңбек пәні мұғалімдерінің оқушылармен бірге дайындаған жұмыстары Тәуелсіздікке тарту ретінде ұсынылды. Сән топтамасының «Жібек жолы айшықтары» аталуының өзіндік мәні бар. Бұл топтама – ІІІ ғасырда сауда бағыты ретінде пайда болған Ұлы Жібек жолының қазіргі Қазақстанның үстімен өту тарихын және осы сауда жолы арқылы маталардың қазақ даласына жеткізілуін айшықтайды.

Әр түрлі маталар, былғары, аң терісі қолданыла отырып тігілген ұлттық үлгідегі киімдер және ұлттық атрибуттар енгізілген заманауи киімдер көпшілік назарына ұсынылды. Киімдер әр ұстаздың үлгілік қолтаңбасымен, ою-өрнектер, оның ішінде тасқа қашалып жазылған иероглифтердің бедерленуімен ерекшеленді.
Сән үлгілерін дайындап шығарған жаңашыл, креативті, алтын қолды ұстаздар – №19 жалпы орта білім беретін мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Лаура Сариева, Х.Доспанова №30 жалпы орта білім беретін мектептің көркем еңбек мұғалімі Жеміс Қайырова, №41 мектеп-лицейдің көркем еңбек мұғалімі Самал Баймурзина, С.Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебінің мұғалімі Ботагөз Әдиетова, А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия көркем сурет мектебінің мұғалімі Алтынай Ғайсина, М.Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектептің көркем еңбек мұғалімі Ләззат Ахметжанова.

Айта кетейік, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында қалалық білім беру бөлімінің бастамасымен жыл бойы жас ұрпақ бойына елдік рухты сіңіру, ұлттық құндылықтарды дарыту мақсатындағы тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Мазмұнды іс-шаралар «Тұғыры биік Тәуелсіздік» марафоны аясында жалғасын таппақ.